Главная страница
qrcode

Міржақып Дулатұлы. Бақытсыз Жамал. Міржа ып Дулат лы аза тан шы ан талапкер


Скачать 94.76 Kb.
НазваниеМіржа ып Дулат лы аза тан шы ан талапкер
Дата01.08.2020
Размер94.76 Kb.
Формат файлаdocx
Имя файлаМіржақып Дулатұлы. Бақытсыз Жамал.docx
ТипДокументы
#40829
страница1 из 4
Каталог
  1   2   3   4



БАҚЫТСЫЗ

ЖАМАЛ
Міржақып Дулатұлы

Қазақтан шыққан талапкер,

Бұл кітапты қарап көр.

Таратуға халыққа оқып.

Боларсыздар себепкер.

Дазая, 1910.
CӨЗ БАСЫ
Мир-Якуб - төмендердің аласасы,

Сөзімнің бар ма, жоқ па тамашасы.

Жылтырап тесік моншақ жерде қалмас,

Қазақша бір роман жаза салшы.

Үш жүзге біздің қазақ бөлінеді,

Осылай шежіреден көрінеді.

Саны көп, сапасы жоқ һәммеден бос,

Ғылымға мойынсұнбай ерінеді.

Шет шығып сахарадан баспас қадам,

Болады бүйтіп жүріп қашан адам?

Бейхабар ғаламдағы хикматтан,

Тұтқындай қапастағы күні қараң.

Болмайды кемшіліксіз һешбір халық,

Бәрінен кейін қалған қазақ анық.

Басқа жұрт біз секілді жалқау емес,

Ғылыммен қараңғыны етер жарық.

Шығып жүр һәр халықтың талаптысы,

Болмай ма талаптанған әлі-ақ кісі.

Қазақта жазылмайтын бір ауру бар -

Келмейді мінін айтсаң жаратқысы.

Кеудесін мырза десең көтереді,

Бардай-ак құрт ауруы жөтеледі.

Шегінер халық пайдасы деген іске,

Деп айтшы осы сөзді бекер еді?

Оқуға емес жұрттың бәрі құмар,

Оқығаны романды не деп ұғар?

Демеймін жалпақ жұрттың бәрі кеще,

Мағынасын түсінетін бар да шығар.

Сонда да жұрттың бәрі біле бермес,

Сөз болар жақсы-жаман бәрі кеқес.

Мақсаты романның- халық түзетпек,

Жазылған еріккеннен ертегі емес.

Жамалдың жайын жаздық бұл кітапта

Бақытсыз бір қыз екен осы шақта.

Біреуге хас нәрсе емес һәм болған іс,

Жайылған бұл бір ғұрып һәр қазақта.

Айырсын оқушылар мағынасын,

Жай ғана хикая деп қарамасын.

Көрген кім шариғаттан деген сөзді:

«Қор етіп әйел халқын аямасын».

Сатады қызды қазақ мал орнына,

Алмайды халал жұпты жар орнына.

Әйелді хайуанға қисап етіп,

Тұтады өзін ерлер хан орнына.

Байқашы өзің-өзің отчет беріп,

Бақытсыз Жамал қызды оқып көріп.

Қазақтың һәр жерінде бар емес пе,

Хисаплап уақиғаны көрсең теріп?

Бұл сөзді оқып көрер колына алған,

Иншалла, хақиқат-дүр, емес жалған.

Тыйылып мыннан бірі қиянаттан,

Көрсе екен ғайібләрін һәркім қылған.

Қазақша роман жоқ басылған көп,

Бұл күнде халық ішінде шашылған көп

Кәдәри-хәл білгенімше мен де жаздым,

Тілеймін болса екен деп асырған көп.
I
Өткен қыс шаруаға жеңіл болғандықтан мал күйлі, бие ішті болып, Көктал қыстаған Құрмандеген атаның ауылы жылдағыдан жайлауға ерте шығып еді. Екі ауылнай елдің жайлауы Саумал-көлге жағалай ауылдар қонып, былтырғы жүрттарына үй тігіп, көпұзамай бие де

байлады. Қыстай бір-біріне араласпаған ағайындар сағынысып, қашаннан астас, тойлас болған ғадеттерінше бір ауылды бір ауыл ерулікке шақыра бастады. Бозбалалар аралап қымыз ішеміз деген болып, тәуір киімдерін киіп, жақсы аттарын мініп, қызды ауылды қырындап жүрулері көрініп, балалар да асау тайларын үйретпекке еді.

Бір күні түс кезінде көлдің жел жағынан шаңдатып шауып келе жатқан бір орыс, бір қазақ көрінді. Балалар қашып үйге тығылып, үлкендер бұл екеуі қайда тоқтар екен деп тұрғанда, барды да Бекжан деген ауылнайдың үйіне түсті. Жарты сағат болмай-ақ, сол жайлаудағы елге «ертең ерте осы жерге крестьянский начальник келеді» деп мағлұм болды. Әлгі екеуі бірі стражник, бірі поштабай екен, төренің алдынан үйтіктіріп, лау байлатып, қой сойдыруға шыққан. Ол түні ауылнай, выборнайлар ұйықтамастан қызметінде болып, таңертең ауылдан оқшауырақ жерде тігіліп қалған бір ақ үй, бір қоңыр үй көрінді. Сәске кезінде қоңыраулатып пәуескемен төре де көрінді. Алды-артынан етектері далиып, жалпылдап шапқан қазақтармен даярлаған үйге келіп тоқтағанда, мойындарына шынжырлы знак таққан ауылнай, билер неше мәрте шұлғып, қошаметпен, «тақсырлап» үйге кіргізді. Сол арада жұмысы бар, жоқ болса да тамашаға жүздей кісі жиналып қалған еді, халықтын қазіргі әңгімесі: «Начальник не жұмысқа келді екен? Бәлки, биылғы Сатыбалдының арызы шығып қалған болар ма?» десті. Бағзылары: «Жоқ, оның үшін неге келсін. Мәмбеттің болыстығын өзіне әперуге «келген шығар...» деп әрқайсысы өз ойындағысын айтып, даланы

бастарына көтеріп, гүрілдесіп отырғанда маңдайынан тер шығып, бөркін қолына ұстап үйден Бекжан шықты.

Жұрт бұған қарап:

- Қалай, ауылнай? Төре қызметке разы ма, не жұмыспен келген екен? - деп сұраған соң, ауылнай айтты:

- Әлхәмдүлиллә, өзімді бек мақтап, қолымнан қайта-қайта «спасибо» деп ұстады. Шыққан жұмысы бұл жерде емес, Қарасу станциясындағы Хохол қаласына барады екен, мұнда қонақ болып, тынығып, кешке жөнеледі. Өзі бек рақымды кісі көрінеді: «Шаруа қалай, ел арасы тыныш па?» - деп һәммасін сұрады. Анау күнгі Көтібайдың мені боқтағанын айтқаным жоқ, оны айтқанда бәлеме болатын еді, не қылайын. Хасеннің көңіліне қарадым. Және де төренің бір жат хабары сол: «Қазақтан солдат алынбайды, бірақ мұжықтар секілді қала болам десең, 15 десятина жер беріледі, - деді. - Егін салыңдар, школ ашыңдар, ұлықтарыңды сыйлап, бұйрықтарын орнына келтіріңдер», - деп насихат айтты. Бекжан начальниктен тағы естігенін сөйлей бастағанда, әлгі топтанып отырған халыққа бір жігіт шауыл келіп:

- Сүйінші, Сәрсеке! Шолпан жеңге аман-есен босанып, тақия тігіп беретін тапты, - деді. Сол уақытта жастар «Сәрсеке» деп, үлкендер:

- Сәрсенбай, қуанышқайырлы болсын, алла ұзағынан сүйіндірсін, әйел бала демеңіз! - десті. Сәрсенбай:

- Жоқ, олай демеңіздер, мен қайбір ұл-қыз таңдайын деп жүрген кісі, - деп орнынан тұрып,

атына мініп үйіне қайтты.
II
Оқушылар! Хикаямыздағы оқиғалар жоғарыда айтылмыш Сәрсенбайдың үй ішіндегі кісілерден басталғаны себепті, анық аңлатпақ үшін Сәрсенбайдың кім екендігін һәм қандай кісі екендігін жазамын. Сәрсенбай еш бір ғылым оқымаған момын, мал баққан кісі еді. Атасынан артық дәулет қалмаса да, берірек келген соң малы да жақсы болып, жылқысы жүзден асып, екі жүз, үш жүздеп қой да бітіп, қатардағы малды үйінің біріне қосылып еді. Бірақ мал жағынан көңілі хош болса да, Сәрсенбайдың жамағаты Қалампыр ғұмырында бала көтермей, бұл екеуі балаға мұқтаж еді.

Сәрсенбай бағзы уақытта өзі де һәм жаны ашитын жақындарының сөзімен де бала үшін бір тоқал алуды ойласа да, Қалампырдан аса алмай, әне-міне деп жүруші еді. Бір күні бір мәжілісте отырған уақытта бір құрдасының қымыз ішіп қызып отырып, әзілмен болсада, шынымен болса да сөз арасында: «Әй, қубас! Сонша малды айдап жүріп, дұрыстап зекет бермейсің, қажыға бармайсың, кім үшін жинап жүрсің? Ақырында Қалампырдан қорқып, тоқал да алмадың», - деген сөзін естіп, ол күні үйіне бек мұңайып келіп, қатынымен сөйлеспестен жатып қалып еді. Ертеңіне ауылындағы бір-екі ағайындарын шақырып алып:

- Міне, мен сіздерді шақырғаным, «үмітсіз - шайтан» деген, «мал бітпес жігіт болмас, құрарына қара, ұл таппас қатын болмас, тұрарына қара» деп, бұл уақытқа шейін сабыр етіп едім. Енді мен болсам қырықтың екеуіне келдім. Қалампыр да биыл отыз үште. Қатыным! Пайғамбардың сүнәті ғой, сен де рұқсат бер, ағайыным, сіздер осы жұмысты қолға алыңдар, міне, біраз қанағат бар ғой. Мен енді бел байладым, - деп ақырғы сөзін мағлұм етті. Қалампыр қанша ұнатпаған болса да, бұл сапарда Сәрсенбай да, һәм басқалар да бір ауызды болып сол жерде-ақ уағда қылғанын көріп, іші суып, енді сөйлегенімен қолдан еш нәрсе келмесін біліп:

- He қылсаңдар ықтияр. Әуелінде де мен тоқал алма деген жерім жоқ, маған несін айтасыңдар?!-деп түсі бұзылып, үйден шығып кетті. Мұнан кейін көп уақыт өткізбей, Сәрсенбай бір қыз айттырды. Өздеріне қырық шақырым жерде Сайболат деген елде Жарас деген молланың бір ұл, бір қызы бар екен. Молла опат болған соң, қатынын бір жақын кедей әмеңгері алып, әлгі екі жетім бала соның қолына шыққан еді. Сәрсенбайдың айттырғаны осы молланың қызы Шолпан еді. Шолпанның жасы он төртке жетіп тұрған соң, Сәрсенбай малын түгел беріп, келер жылында алып та қойды. Марқұм Жарас молла тірі уақытында Шолпанды өзі оқытып, құраннан екі шығып, азырақ хат та танып калған еді. Қалампыр әр уақыт Шолпанды күндестікпен сөзімен де, қолымен де ренжітіп жүрді. Шолпан он жеті жасқа келгенде, манағы Сәрсенбайдан топ ішінде сүйінші сұраған қыз бала тауып, Сәрсенбай қырық беске келгенде ғұмырында көрген баласы осы еді. Сәрсенбай зор қуанышта болып, шілдеханаға қанша қыз-бозбала жиып, ойын ойнап, қыз бала демей, көлбасын шақырып той қылып, баланың есімін Жамал қойып еді.
III
Жамал – сағынып көрген баланың алды болған соң, ата-анасы қолдан келгенше әлпештеп өсіріп, жасы тоғызға жетті. Жамалды еркек балаша киіндіріп жүрген соң, білмеген кісі қыз деп ойламаушы еді. Қыз деп айтқан адамдарға ашуланып та қалған күндері болды. Бір күні Сәрсенбайдын үйіне ескі жолмен оқыған, дүниеде білмеген нәрселерім жоқ деп дұға қылушы бір шала надан молда келіп қонды. Молда тысқа шықпақшы болғанда,Сәрсенбай:

- Жамалжан, тұр,молданың кебісін сал, құман алып шық, - деп жұмсағаннан кейін молда тыстан келіп отырып:

- Бай, осы сіздің мырзаңыздың есімі қалай? Қыздың атын қойғансыз ба?- деді (Жамалды ербала деп отыр екен). Сәрсенбай азырақ тоқтап тұрды да, күлімсіреп: «Тақсыр, мұның мәнісі бар, біз бастан кем кісі. Айымыз да, күніміз де осы Жамал болған соң, өзімізді-өзіміз алдап жүрміз» - деді. Молда бұл сөзге түсініп, біраз ойланып отырды да:

- Сәрсеке! Көңілге солай екені дұрыс та ғой, ләкиінде шариғатта балаға тұлым қою дұрыс емес. Жәнеде бай қызы тоғыз жаста балиға болады. Соның үшін намаз үйретіп, оқытып, шашында қойыңыз. Сіздің мұныңыз Алла тағаланың бұйрығына көнбеген секілді болады. Олай болғанда, зор күнә табасыз. Бірақ оқытқанда хат жазып кетерліктей де оқытпаңыз, хұсуса жәдид молдалардан оқытпаңыз, не үшін десеңіз, олар әуелі дін, иман білгізіп, намаз оқытпай, «Иман шарт», «бәдуәм», «әптиек», «әйжіктерді» былай қойып, орыстарша а. б. т, деп орыстың ісін қуаттап, балаңды бұзады, - деді. Сәрсенбай өзі надан, «молданың өкшесі қисық деген кісі де күнәлі болады» деп жүрген кісілердің бірі болғандықтан, тек молда есімін көтерген кісі болып, біліп-білмей айтса да, мынау шариғат деген сөзге көз жұмып нанушы еді. Сол себепті алла тағаланың әмірі ғой, бұл молданың шариғаты да дұрыс екен деп, Жамалды қызша киіндіріп, шашын жіберіп, оқытуға да разы болды. Анасы өзі азырақ та болса оқып, ғылым қадірін білген соң, бұл сөзге қарсы тұрмады. Сәрсенбайдың үлкен қатыны Жамалды жан-тәнімен жақсы көргенсіп (тоқалдан туған қызды іші жек көріп тұрса да):

- Ойбай молдеке,ол не дегеніңіз. Жамал қарағым тым болмаса он беске келсін, сонда шаш қоярмыз,- деп өршеленген болды. Мұнан кейін кешікпей қызша киіндіріп, шашын өсіріп, бұрынғыдай ер бала деп көңілдерін жұбатқанды қойды. Манағы молданың насихаты есінде жүріп, бір күні Сәрсенбай қатындарымен ақылдасты:

- Ахметжанның молдасынан оқытуға екі шақырым жерге Жамал барып-келіп жүре алмайды. Онан да бір жастау молда жалдап алсақ қайтеді? Жамалдың себебімен ауылдың балалары да оқыр, өзіміз малдың зекетін берерміз, ақысын ауылмен бірдей көрерміз, - деді. Бұған қатындары да һәм солай деп айтқан соң, ауылы да разы болды. Бір-екі айдан соқ жазғытұрым уақыт еді, бір күні ауылға бір шәкірт келіпті, молдалыққа тұрады екен дегенді естіп, Сәрсенбай соған сөйлесуге келді. Уфа медреселерінің бірінен оқыған шәкірт екен. Қазақ ішінде қымыз ішіп, күзгі тәхсилге қаражат жинап алу үшін мұғалімдікке шыққан Ғазиз есімді ноғай жігіт, жасы жиырма екілерде - ашық пікірлі, үсүл тағлымынан жақсы ғана хабары бар еді. Екі жылдай қазақ ішіне шығып, қазақтың сырын білгендіктен және де Сәрсенбайдың пікірін аңғарып сөйлескен уақытында өзін шіп-шикі ескі жолмен оқыған хадимі етіп көрсетті. Себебі ол: «Аз уақытта мен бұларды түзей алмаспын, онан да бұларға хилаф келмей, өйтіп-бүйтіп қаражат жинап алайын», - деп ойлады.

Сәрсенбай шәкіртке айтты:

- Өзіміз бір ауылда жеті-сегіз үйміз, бес айға жиырма бес сом ақша береміз. Сөзді ашып айтқан жақсы, мен өз басым малымның кірін беремін, басқалар өзі біледі, ал кемпір-мемпір құлап қалса, өз талайыңнан, - деп күлді. Сол үйде осы ауылдың өз молдасы да отыр еді, соған қалжыңдап анау жерде отырған бір жігіт сөйледі:

- Біздің Қасен молдадай қанды қақпан болса, бұл молда да теріс болмас. Біздің молда Торқа бәйбіше мен Жаппардың баласы өлгеннен бері дәндеп, күнде бір келе жатқан кісі болса, намазға шақыра жүр ме деп, қарап тұратын болды, - деп үйде отырғандарды ду күлдірді. Біраз сөйлескеннен кейін Сәрсенбай шәкіртпен келісіп үйіне алып қайтты.
IV
Уәделері бойынша мүғалімі һәмән Сәрсенбайдың үйінде тұратын болып, Сәрсенбаймен бірге еріп келіп, бір үлкен боз үйге кірді. Сол минутта-ақ ауылдың адамдары жиналып, Қалампыр бәйбіше сабадан қымыз құя бастап, Сәрсенбайда Жамалға:

- Тұр, қарағым, молдекеңе мал әкел! - деп әмір етті.

Жамал атасын абір қарап тысқа шығып еді, соңынан кешікпей Сәрсенбай да шығып, Жамалға ақырын сыбырлап айтты: «Анау күнгі жанбасы құрттап жүрген көк қозыны әкел, үйге кіргізерде кескегін алып таста! Ұқтың ба?» -деді. Жамал да: «Ұқтым, ұқтым», -деп жүгіріп кетіп, жарты сағат болмай айтылмыш қозы бата қылынып сойылды. Жиылып отырған кісілер мұғаліммен кеңесе бастап, үйдің жабығынан қыз-қатындар сығаласып тұр еді. Бір қатын:

- Өзі қалай, орыс секілді ғой, - деп екінші катын:

- Осы ноғайлардың шүлдірлеген тілі құрысын-ай, - деп, үшіншілері бір бой жеткен қызғақарап:

- Ұрғашыға сүйкімді жігіт екен, - деп қалжыңдасып тұрды. Үйдегілер де уақытты босқа өткізбей, алды бес аяқ, арты екі аяқ қымыз ішіп: Молда, қайда оқыдың, дәрісің не, қай қаланікісің, затыңыз ноғай ма, башқұрт па, неше жасқа келдің, атаң бар ма, бұрын қазақ ішіне шығып па едіңіз, жамағат бар ма? - деп, үсті-үстіне керекті-керексіз сөздерді сұрап, мұғалімнің басын қатыра бастады. Әл-хасыл осы секілді мәжіліспен отырып, сойылған малдың етін жеп халық тарады. Екінші күні мұғалімге бір қос тігіп беріп, он шақты шәкірт жиналып оқу басталды. Бұл шәкірттердің бір-екеуі болмаса, басқалары бұрын ешбір қаріп оқымаған еді. Мұғалім қанша ұсылжадид тәртібіне оқытпақшы болып ойласа да, бала иелері:

- Молда! Балаларға иман, намаз үйрет, бұрынғы молдалардың оқытқан кітабын оқыт, біздің балаларға сол жетеді, басқалардың керегі жок, - деген соң, лажсыз олардың тілегенін оқытты. Бұрынғы оқымаған балалардың ішінде ең зейіндісі Жамал болып шықты (Жамал осы майда тоғыз толып, онға қарап еді). Бір ай өткеннен кейін мұғалім Жамалдың зейініне қызығып, Шолпанға айтты:

- Жамалды ұсыл жадидке оқыта бастасам, аз уақытта хат жазып кетер еді, бірақ бай ұнатпайды ғой, - деп.

Шолпан тұрып:

- Молдеке, біздің отағасының сөзін не қыласыз, ақырын оңашада жасырып хат жаздырып үйрете беріңіз, - деді. Мұғалім бұл жауапқа бек қуанып, сол күннен былай шәкірттер тарап кеткен соң, Жамалға күнде бір-екі сағат хат жаздырып үйрететін болды. Үш жарым айда Жамал

мұғалімнің ыждағаты, өзінің өткір зейіні саясында хат танып, жазарлықтай болды. Мұғалім әпенді сол жолмен бес ай оқытқанда Жамал бек ғайбат болып, түрлі кітаптарды оқитұғын болып қалған еді. Сентябрьдің ақырында мұғалім Уфаға қайтып, Жамал да оқуын тоқтатты. Мұғалім Сәрсенбайдың үйінде тұрған уақытта Шолпан бір ұл перзент тауып, сол себепті «аяғы құтты» болды деп, мұғалімді Сәрсенбай жақсы қаражатпен қайтарды. Сәрсенбай жаңа туған баласының есімін осы молдадай жігіт болып, өзі де молда болсын деп Ғазиз қойды. Мұғалім қайтып кеткен соң Сәрсенбай енді бір молда ұстаймын деп ертең-бүгінмен жүргенде қыс та болып қалып және де әркімнің:

- Енді жарар. Жамалды оқытпай-ақ қой, он екі пәнді түгел білсе де, әйел бала дәріс айтып елге бас болмас, - деген сөзіне Сәрсенбай айналып, тіпті молда ұстамай қойды. Ауылындағы басқалары, әр қайсысының дәулеті шағын болғандықтан, шамасы келмейтін болды. Жамалдың ғұмырындағы оқуы осы бес айлыққана болып, хат жазарлықтан әрі аспай тоқтады. Мұғалім кеткеннен кейін Жамал һәммән қисса оқитын болып, атасы да тыңдаудан жалықпаушы еді. Үйге бір қонақ келіп қонса да:

- Жамалжан, қонағыңа қызмет ет, қисса оқы, «Сал-салың» қайда, «Қыз Жібегің» қайда? - деп, куә болып отырушы еді. Жамал да ерінбей, қиссаларды басынан аяғына шейін оқып тастаушы еді. Жамалдың оқымаған қазақ қиссасы бек аз еді. Ел аралаған мелішші саудагерде нендей жаңа қисса болса, атасы оған шығынсынбай алып беруші еді. Жамалдық бір кішкене сандығын ашып қараған кісі: «Сал-сал», «Қыз Жібек», «Зарқұм»,«Қисса уақиға Көр бала»,

«Біржан сал мен Сара қыздың айтысқаны», «Ноғай мен қазақтың айтысқаны», «Ақсұлу», «Айман - Шолпан», «Бозжігіт», «Шәкір-Шәкірат», Ақмолда, Нұржан, Әбубәкір молданың өлеңдері һәмбасқа сол секілді кітаптарды көрер еді. Хәтте Жамал сол қиссалардың бағзы бір өлеңдерін жатқа да біліп, бір ойынға бара қалса: «Жамал, өлең айт» дегенде тартынбай айтып салушы еді. Осындай қиссаларды оқумен һәм ел ішіндегі айтып жүрген қыз-бозбалалардың өлеңдерін жазып алумен, молдадан оқып жүрмесе

де, жазуын күннен-күнге дұрыстап бара жатты. Жамалдың осындай зеректігі ауызға ілініп, он жасына жеткен уақытында әркімдер: «Сәрсенбай үйінде бір жақсы бала бар»- деп айттыруға қызыға бастап және де Жамалдың анасы ақылды, көркем қатын болғанға,«анасын көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш» деген мақалды да еске тұтып сөйлеуші еді.
V
Бір күні бие ағытар уақытта, ауылдың сыртындағы бір төбешікте құпия сөйлесіп үш кісі отыр еді. Оның бірі мағлұм Сәрсенбай, екеуі – сол елдегі атқа мініп жүрген, ел ара сытыныш болғаннан даулы, сөзді болғанын артық көретін пысықшалау адамдар еді. Әлгі екеуі Сәрсенбайға қарап: «Сәрсеке, бұл заманның өзі қорыққанды сыйлайтұғын заман болды, азырақ дәреже біткен кісі - бай қара кісіні кісілікке алудан кетіп барады. Сол себепті біздің сізге айтқалы келген сөзіміз - алла тағала сізге біреуден артық, біреуден кем дәулет беріп, екінші мынау бір жаман немеңіз бар. Бұл жаман екі айналып келмес, бір күндерде малың шағын болып, басқа да зар болдыңыз, «қубас» деген сөзді естіген күніңіз болды. Енді тәуекел деп, атыңызды бір шығарып қалсаңыз қайтер екен? Міне, сайлауға да үш ай қалды. Көп болса, үш жүзтеңге шығар. Сіз мақұл көрсеңіз, біз өзімізге қараған Құрман болып билікке сайлағымыз келеді, халық сөзді бір сапарға қалай тастап кете қояр екен деп ойла ймын. Өзіміздің Нүрпейіс би ризалығымен берсе, жолын алар, болмаса тәуекел деп тapғa түсерміз,- деп, неше түрлі тәтті сөздермен құбылтып, Сәрсенбайды азғыра бастады. Сәрсенбай қанша момын адам болса да сөзге бұрылмайтын пенде бола ма, дәулетке қызығып, біраздансоң: «Өздерің біліңдер», - деп жауап қайтарды. Бұл мәжілістер бір мәрте болмай, бірнеше күндер ақылға салынып, ақырында Сәрсенбай билікке таласпақшы болды. Сайлау жетті, Сәрсенбай әркімге жомарттанып ат майын бере бастап, сойысы да артылды. Caнақшадан төрт жүз теңге жұмсалып, шарға түскен уақытта Нүрпейіске он тоғыз шар, Сәрсенбайға он төрт шар шығып, біздің жаңа талап босқа қалды. Бұл істің бұлайша сағаты болмауы да - сол елде жұртқа қадірлі және де болыспен құда Байжан деген кісі еді. Шар салардың алдында Байжан выборнайларға:

- Сіздер шарларыңды Нүрпейіске салындар, жаңа байыған бір Құрманның болғанынан алашқа сөйлескенде намыс жібермейтін, елдің белін сындырмайтын Нүрпейіс артық емес пе? - деп айтып отырғанын сол сағатында-ақ Сәрсенбайға біреу келіп жекізіп еді.

Сәрсенбай салысуға кеткен кісідей болып үйіне қайтты. Көп расход шықты (Ұл жеп жайына, қызжеп байына кетті). Қасындағы әуелгі тыныш жатқан Сәрсенбайды билікке таласуға қыздырған достары:

- Қап бәлем, келер сайлау болсын! - деп қайрат берген болды. Осылайша сайлау тарқап, бес-алты ай да өтті. Бағзы уақыттарда сайлау еске түсіп, шығындарын әм намысын ойлағанда, Сәрсенбай іші күйіп, хәтте енді сондағыдан екі есе шығындалсам да дегеніме бір жетсем, арманым қалмас еді деген секілді пікірге де келіп қоюшы еді.
  1   2   3   4

перейти в каталог файлов


связь с админом